МЕКТЕПКЕ ЕР ЕСІМІ БЕРІЛДІ

737
0

Шымкент қаласының №53 жалпы орта мектебіне генерал-майор, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовтың есімі берілді. Осыған орай аталған білім ұясында салтанатты шара өтті.

Жиын Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алудан басталды. Одан кейін арнайы шақырылған соғыс ардагерлері сөз сөйледі. Олар оқушыларға жеңістің тарихын, генерал Сабыр Рақымовтың ерлігін баяндап берді. Іс-шараның соңы Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, №53 жалпы орта мектебі 1936 жылы пайдалануға берілген. Содан соң нысан Сталин есімімен аталған. 1955 жылдан бастап мектеп Хамза есімімен аталған. 85 жылдан аса тарихы бар оқу ордасында 2200 оқушы білім алып, 200-ден аса мұғалім қызмет етеді. Мектеп қазақ, өзбек тілдерінде екі ауысыммен балаларға білім береді.
Даңқты генерал Сабыр Рахымовтың құрметіне Шымкенттегі «Жеңіс» саябағына ескерткіш қойылған.