ШЫМКЕНТТЕ ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРАТЫН 53 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

168
0

Шымкент қаласында 2022-2025 жылдар аралығында импорталмастыру бойынша құны 527,2 млрд. теңгеге 7 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 53 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Селекторлық режимде өткен жиынға қала әкмі Мұрат Әйтенов қатысты.

Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 493 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, 319 млрд. теңгеге импортты алмастыратын болады, ал экспортқа 153,2 млрд. теңгеге өнім шығарылады деп болжануда.

Жүзеге асырылатын жобалардың қатарына — алюминий банкілерін өндіретін — «KazAlPack» ЖШС, санфаянс және ірі габаритті және шағын габаритті керамикалық плитка өндірісі — «Orient Сeramic» ЖШС, шыны өндірісін ұйымдастыру — «Orient Glass» ЖШС, ұнтақ полипропилен өндірісі — «Шымкент химия компаниясы» ЖШС, «Hill Resources» ЖШС-нің базалық майлар өндірісі сынды ірі жобаларды қосуға болады.

Сонымен қатар, импорталмастыруды дамыту мақсатында 438 га аумаққа 2 индустриялық аймақ қосылады. Олар, ірі өнеркәсіп ошақтары орналасатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдейтін кәсіпорындар шоғырланатын «Бозарық» агро-индустриялық аймағы.

Жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймақтың аумағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және т. б. салаларда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құра отырып, 200 млрд. теңгеден астам сомаға 50-ден аса ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдейтін жалпы алаңы 132 га құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағында биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіру зауытын және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Импорталмастыру жобаларын дамыту бойынша қала әкімдігі деңгейінде тиісті жұмыстар жүргізілуде және тұрақты бақылауда.