СУРДЛИМПИАДА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

138
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов еркін күрестен Сурдлимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Рсалы Сабыржанға 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Сонымен қатар осы олимпиадада 5 орыннан көрінген Пернеш Шадиярға, қос спортшының жаттықтырушысы Омар Ғалымжанға қаржылай сыйлық тапсырды.

Қос спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы мемлекет тарапынан денешынықтыру мен спортты белсенді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Шаһар басшысының сөзінше, салауатты өмір салтын насихаттау мен спортты қолдау бағытындағы шаралар алдағы уақытта да әрі қарай жалғаса береді.

–Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаламызда спорттың кез келген түрімен жаттығуға жағдай жасалған. Спорт қолдау тапса, саңлақтар шыңдалып, еліміздің абыройын көтеріп, беделін биіктетеді. Бүгінде шымкенттіктер өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сәттілік тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін, — деді Мұрат Әйтенов.

Өз кезегінде спортшылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғыстарын білдіріп, еліміз бен шаһар спортын жаңа белеске шығаруға аянбай тер төгетіндіктерін жеткізді.

Р.Сабыржан мен П.Шадияр Халықаралық спорт шебері. Жуырда Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV Жазғы Сурдлимпиада Ойындарында күміс жүлдесін жеңіп алды. Осы Олимпиадаға 100 мемлекеттен спорттың 21 түрінен 3500 жуық спортшы қатысты.Қазақстан Республикасының құрама командасынан 65 спортшы (Шымкент қаласынан С.Рсалы, Ш.Пернеш) қатысып, 4-алтын, 7-күміс және 18 қола медальмен командалық есепте 13-ші орыннан көрінді.