ШЫМКЕНТТЕ ОҚУ КУРСЫН АЯҚТАҒАН 200-ДЕН АСТАМ КӨПБАЛАЛЫ АНА ЖЕКЕ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСУДА
«Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» әлеуметтің әлеуетін көтеруді мақсат етеді. Бастамада кәсіпкерлік салаға серпін беру арқылы жұмыспен қамту ісін оңтайландыруға арналған арнайы бағыт бар. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкентте жүзеге асып жатқан бастамалар жетерлік. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Шымкенттік 200-ден астам көпбалалы ана бұған дейін аз қамтамасыз етілген отбасы санаты бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында тегін оқу курсын бітірген соң, үй жағдайында жеке кәсіптерімен айналыса бастайды. Нәтижесінде кәсіптерін дөңгелетіп, табыс табуда. Олардың ішінде 61 әйел сұлулық салоны, тігін шеберханасы мен массаж кабинеті сынды жеке кәсіптерін ашқан. «Бақытты жанұя» орталығында киім пішу және тігу, құрақ тігу, компьютерлік және шаштараз, SMM, маникюр-педикюр курсы мен дефектолог, логопед, балалар және ересектерге арналған массаж, кондитерлік 14 тегін оқу курстары бойынша оқытады. Соңынан сертификат беріліп, жұмыспен қамту шаралары да қарастырылған. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізетін аталған орталық әйелдерге ақпараттық қолдау, психологиялық, медиаторлық, құқықтық кеңес беру, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталы арқылы құжаттарды тапсыру немесе алу қызметтері, aleumet.egov.kz сайты арқылы азық-түлік себеттеріне тіркелулеріне көмек көрсетеді. Жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 806 азаматқа психологиялық құқықтық көмек берген. Орталық мамандары сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып бір мыңнан астам анаға тұрғын үй мәселесі бойынша кеңес берген. 238 азаматты тұрғын үй кезегіне тіркеуге көмек беріп, 30-ға жуық ана мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспаналы болды.