БИЫЛ ӘЛ-ФАРАБИДЕ 50 АУЛА АБАТТАНДЫРЫЛМАҚ
Ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданында 50 көп қабатты тұрғын үйдің ауласында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарланған.
Қазіргі таңда, абаттандыру жұмыстары 28 аулада жүргізіліп жатыр. Аталған аулаларда тұрғындар демалуына арналған орындықтар мен бастырма, қоқыс жәшігі, балалар ойын элементтері және ересектерге арналған спорт элементтері орнатылуда. Аталған жұмыстарға «Strong service»ЖШС-ы, «New level» ЖШС-ы жауапты.
Ал қалған 22 ауланы абаттандыруға мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр. Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.