ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

141
0

Шымкент қаласы Тассай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы жалғасып жатыр. Бүгін басқарма басшысы Б.Булатбеков Тассай елді мекеніне барып, құрылыс барысында анықталған мәселелерді реттеу мақсатында жиын өткізді.

Мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды.
Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тассай елді мекені сапалы ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, кәріз жүйесімен қамту құрылысы да қатар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 115,2 шақырымды құраса, бүгінде оның 66,3 шақырымы орнатылып, құрылыстың 62 пайызы аяқталды. Пайдалануға беру мерзімі келер жылға өтпелі.

 

Айта кету керек, үшінші мегаполисте инженерлік инфрақұрылымға баса көңіл бөлініп отыр. Бозарық қосалқы стансасы мен АГРС іске қосылып, электр қуаты мен табиғи газ тапшылығы шешілді, олардың қуаттылығы алдағы 5-6 жылға жетеді. Қала тұрғындарының ауыз сумен қамту 93-тен 98%-ға, электрмен қамтамасыз ету 91,2-ден 97%, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92-ден 93%-ға өсті. Келер 2023 жылы ауыз сумен қамту, 2025 жылы электр қуатымен және табиғи газбен қамту 100 пайызға орындалады. Аталған межеге жету мақсатында бүгінде ауқымды істер қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Қалаға қарасты шағынаудар мен елді мекендерде инженерлік инфрақұрылымды тарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сапа жергілікті әкімдіктің тікелей бақылауында екенін де баса айта кеткен жөн. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының өзі орындалған жұмыстар жайын жіті бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқаны — мұның айқын айғағы.