БАЗАРҚАҚПА ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІНЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

121
0

Жоспарға сәйкес, жыл сайын орташа жөндеу жұмыстары бойынша қаланың орталық магистралды көшелері ғана емес, аудандық маңызы бар ішкі орамдық көшелері де қамтылады. Нәтижесінде қалаға қарасты елді мекендер мен шағынаудандардың мәселесінің біразы шешілмек. 

Еңбекші ауданы Базарқақпа тұрғын алабының Кендала, Жастар, Тельман көшелері орташа жөндеу негізінде асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Тұрғын алаптағы жалпы көше ұзындығы 3,80 шақырымды құрайды. Жобалық сметалық құжатына сәйкес, барлық көшелерге қалыңдығы 10 см асфальт төселді. Айта кетейік, бүгінде 115 көшеде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Айта кету керек, 2025 жылға дейін Шымкентте 3 ірі жолайрық пайдалануға беріледі. Бұл қаладағы көлік қозғалысы мен кептеліс мәселесін шешуге септігін тигізеді деді қала әкімі Мұрат Әйтенов. Бүгінде Шымкентте екі жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр. Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы биыл толығымен аяқталып, ел игілігіне берілмек. Арғынбеков көшесі мен Бәйдібек би даңғылының қиылысындағы жолайрық құрылысының алғашқы кезеңі басталды. Бұл құрылыс келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ 2025 жылы 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жолдың құрылысы аяқталып, А-2 автожолы қалпына келтіріледі. Нәтижесінде сапалы жолдың еншісі 64,7 пайыздан 79 пайызға жетпек.

Бұдан бөлек, Шымкентте әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. Биыл 102 көшеге мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде жарықтандыру жұмысы жүргізілмек. Яғни, қаладағы жарықтандырылған көшелердің үлесі 43 пайыздан 57 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Ал инженерлік инфрақұрылым мәселесі де 2025 жылға қарай толық шешімін табады.