ҚОСЫМША ҒИМАРАТ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕК

164
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов № 45 мектеп-гимназиясының жанына салынып жатқан қосымша құрылыстың жұмыс барысымен танысты. Құрылыс Ш.Қалдаяқов көшесінің бойында 1,2909 га жер аумақта жүргізілуде.

300 орындық жапсарлас ғимараттың бас мердігері – «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС-ы. Жоба бойынша мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Әрбір сынып 25 оқушыға шақталған 12 сынып болмақ. Сонымен бірге қосымша 33 жаңа жұмыс орны құрылады. Құрылысы наурыз айында басталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Шаһар басшысы құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы орындалуын тапсырды.

Жалпы биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Солардың бірі — Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп. 1985 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім мекемесінің едендері көнеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен. Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталыпты.

Ал жөндеу жұмысынан кейін едендер жаңысына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге, мектеп ішіне әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған. Жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 60 пайызы атқарылған. Қаладағы білім саласындағы түйткілді түйіндердің күрделі жөндеумен шешілмесі белгілі. Сондықтан жаңа мектептер салу бастамасы да жанданып келеді…