КӨНЕ МЕКТЕПТЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНДЫ
Биыл қалада 5 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сайрам тұрғын алабында орналасқан №107 мектеп 1985 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім мекемесінің едендері көнеріп, электр жүйелері жарамсыз жағдайға жеткен.
Сынып бөлмелерінде санитарлық нормаға сай ауыз суының болмауы да өзекті мәселенің бірі. Ауласындағы асфальті үгітіліп, әбден тозығы жеткен. Жоғарыда аталған ақауларды жою үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталыпты.
Ал, жөндеу жұмысынан кейін едендер жаңысына ауысып, есік алдына кіреберіс салынады. Электр желілері ауыстырылып, әр сыныпқа ауыз су тартылады. Сонымен бірге, мектеп ішіне әжетхана жұмыс істейді және ол орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Одан бөлек, сметалық жобада оқу ғимаратының шатырын ауыстыру, сыртқа қабырғаның барлығын арнайы материалмен қоршау және спорт алаңын жаңарту жұмысы қаралған. Жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың 60 пайызы атқарылған.
Жалпы мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Сондықтан үшінші мегаполисте өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. Яғни мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізуден бөлек, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған жаңа білім ордаларын пайдалануға беру ісі де айрықша назарға алынып отыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі арнайы бақылап, тиісті ескертпелерді де беріп келе жатыр.