КӨНЕ МЕКТЕП ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫМЕН ТОЛЫҒАДЫ

140
0

Қала әкімі Мұрат Әйтенов М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болып, қосымша салынып жатқан оқу ғимаратының құрылыс жұмыстарын тексерді.

Білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Бүгінде мектептің кей аумағы көнеріп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталды. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде.

Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қорына арналған кітапхана және 20 оқу залы және 320 орындық асхана қаралған. Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға жоспарланып отыр.

М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. Бүгінде оқушыларға үш тілде білім беретін мамандандырылған гимназияға айналған.

Аталған гимназия 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Қала әкімі тек үздіктерді тәрбиелеп отырған мектептің қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың көбеюіне жол ашатынын атап өтті.

Айта кету керек, мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі.  Сондықтан қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған мәселені шешу үшін «Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласында өткен жылы 25 мектеп пайдалануға берілсе, 2022 жылы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі» деген еді.  Сонымен бірге бүгінде қалада заманауи 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кету керек.