АҒАЙЫНДАРДЫҢ АЛТЫ ЖЫЛҒЫ АРПАЛЫСЫ ал, оған тоқтам жасайтын басшы табылмай тұр

625
0

Бәйдiбек – шалғай өңiрде, халқы айранын ұрттап, қойын құрттап, әйтеуiр, нан табудың қамымен қарбалас тiрлiк кешiп жатқан өңiр. Алып бара жатқан арызқойлығы, бiреуге жала жабар бәлеқорлығы тағы жоқ. Сол ауылдан сабылып бiр қора азамат пен азаматшалар арыздарын арқалап келгенде бiз өзiмiздiң түпкi ойымыздан түңiлгендей болдық. Ауданның Боралдай ауыл әкiмдiгiне қарайтын Қызыларық деген ауылында Сарыбұлақ жалпы орта мектебi төңiрегiндегi дау ағайындарды алауыз қылып, айықпайтын «айтыс ауруына» жолықтырыпты. Ағайын арасындағы дау осыдан алты жыл бұрын басталған, соңғы үш жылда оның өртi өршiп тұр.

Осыдан аттай 51 жыл бұрын ағайын болып асарлатып соғылған мектеп қазiр «ажал аузында» тұр. Жанынан, бүйiрiнен, алдынан, артынан қосқан жайлардың өзi де жаһаннамға кету алдында. 2010 жылы аудандағы көзi ашық азаматтар осы ауылға мойын бұрып, зорға-зорға зер салып, көз қырын аударып жаңа мектеп салу жөнiнде әңгiменi бiршама нақтылағандай болған екен. Одан берi өткен екi жыл бұл ауылда мектеп соғуға емес, сол мектептi қайдан соғамыз, қайда орналастырамыз деген бiтпейтiн дауға жалғасып жатыр. Қабыл атаның балалары мектептiң қазiргi жайының орнына жаңасын тұрғызамыз деп алыс–жақынның бәрiне арыз жазып, аттандап жүр. Ал Өгембай мен Салық атаның балалары бiреудiң меншiгiндегi жердi белгiлеп, қырдың басынан, әруақтардың қасынан жаңа мектеп тұрғызамыз деп қызылөңеш болуда. «О, ағайын, арыздасқанды қойып, бiр бәтуаға келiп, балалар үшiн жаңа мектеп соғудың қамын жасасаңдаршы, өнбейтiн дауды өспейтiн ел болып қуалағанша» — деп араағайындыққа шақырған не ауылдың, не ауданның бiр басшысы табылмапты. Шөре-шөренiң күйiн кешкен қызыларықтықтар өршiген дауларын қызыл от қылып, бiр-бiрiне үрлей түсуде. Қазiрге дейiн айтысып келген ағайындардың бiрiне-бiрi деген құрметi мүлдем қалмаған, сәлемдерi сатулы болған жағдайға жеткен.

Бiзге жазылған арызға қол қойған Гүлбакира Үсiпбекова мен Қалшора Қолдасовтарды тауып, шаңқай түсте иесiз қалған мектептiң ауласына кiрдiк. Әжептәуiр бауы бар, жоңышқасы жайқалып тұрған, майда талы көз қызықтыратын ауладан кiргендегi сезiмiмiз, iшкi ырзалығымыз мектептiң жайын көргенде сiз сұрамаңыз, бiз айтпайық. Мектептiң артқы дуалдары қақ-қақ айырылып, қос елi жарықтар пайда болған. Өткен жылы Бәйдiбек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлiмiнiң бастығы Асқар Ысқақовтың өзi келiп, мектептiң 4 сыныбын жабатынын айтқан. Мектептiң директоры Жұмахан Керiмбаев ауылдың ақсақалдарын ауданға тасып, Асқардың алдына «жығылып» жүрiп, 3 сыныпты оқу жылының соңына дейiн пайдалануға әзер алып қалыпты. 1 сыныптың есiгiне мөр басылып, пайдалануға жарамсыз болып тұр. Мектептiң жалпы жайының бөлмелерi — бүгiн көшiп кететiн жұрттың кейпiнде. Күтiмсiз, қараусыз қалған. Мұны қазақшалап айтқанда «адыра қалды» дегеннен басқа балама таба алмайсыз. Осы басылмайтын мектеп төңiрегiндегi, нақтылай айтқанда, жаңа мектептiң жайғасатын жайының орнына байланысты бей-берекет тiрлiктiң шешiмiн табуға ауылдың әкiмi, аудандық бiлiм бөлiмiнiң бастығы, облыстық мәслихаттың хатшысы арнайы келiп, жұртшылықпен жүздескен, бiрақ одан шыққан титтей де бiр қорытынды жоқ. Қайта айтыс-тартыс уақыт өткен сайын ушығып барады.

Ендi сол өзеуреген екi топтың айтқан уәждерiне, өзiмiздiң көзiмiз көрiп, құлағымыз естiген жағдайды таразылап көрелiк. Өгембай мен Салық атаның балалары бастаған топ мектептi ауылдың алдыңғы жағындағы қыраттан салмақшы. Болашақ жай мен ауылдың арасында Сарыбұлақ өзенi ағып жатыр. Оның үстiне бұл белгiленген жер — тура мазараттың түбiнде. Шақпақтың желi азынап бiр тоқтамайтын орын. Бiрақ топ тура осы жерден басқа жаққа бұрылғысы келмейдi. Мектептiң қазiргi тұрған орны жаңа жай салуға тар деген уәждi басты нысана етiп алған. Екiншi топ Қабыл атаның балалары мектептi дәл қазiргi орыннан салған жөн деп санап, оған өздерiнiң бiрнеше уәждерiн ұсынады. Ендi осыларға төрелiктi айтар жан табылмай, ескi мектеп құлау қаупiнде тұр. Мектептiң жанынан осыдан бiраз жыл бұрын алты жасар балаларға арналған екi есiктi үлкен жай салынған. Бiрақ сол екi жайды бүгiнде ауыл имамы, кезiнде осы мектептiң директоры болған Нуриддин Бейсеуов деген ақсақал жерiмен қосып өзiнiң ұлдары Қайрат пен Мақсатқа еншiлеп берiп жiберген. Ол азаматтар оны қазiр заңды түрде өздерiнiң иелiгiне аударып, мемлекеттiк акт алып қойған. Сол құжат алынғанға дейiн бұл жайлардың және жердiң мектепке тиесiлi екендiгi жөнiнде арызданған азаматтардың айтқандары желге ұшып кеткен. Оның үстiне Бейсеуов ақсақал директор кезiнде Нұрғазы Кемеловке және тағы бiр азаматтарға мектепке тиесiлi 30 сотықтай жердi сатып жiберген. Оған жай салынған. Қазiр Кемелов осы жерде мектеп салатын болса, өзi кезiнде сатып алған жерден ерiктi түрде бас тартатындығын айтып отыр. Ал Бейсеуовтың қос ұлы ондай ойдан ада. Қайта тегiн алған жайды кеңейтiп, қора-қопсысын үлкейтуге қам жасап жатыр. Өздерiнiң дәл iргесiндегi ауылдың бұрынғы клубын кезiнде жекешелендiрiп алған азаматтың оны мемлекеттiң есебiне қайта қайтарған сауапты iсi бұл азаматтарға өнеге болмай отыр. Егер осы жерлердiң барлығы мектептiң есебiне қайтарылатын болса, онда бұл жерден 200 балаға арналған жаңа ғимаратты салуға толық мүмкiндiк бар екендiгiн айтады арызданушы азаматтар. Жаңадан болжамданған мектеп салынар жерге ағын су бармайды, ауызсу жоқ, яғни оны көгерту де, көгалдандыру да мүмкiн емес екендiгi айтпаса да түсiнiктi болып отыр. Ал қазiргi жай бау-бақшасы бар, ауызсуы iргесiнде тұрған жер. Аудандық құрылыс бөлiмiнiң маманы Жандар Сұлтанбеков деген азамат егер жаңа мектеп соғатын жердiң көлемi 2 га. кем болса, оған рұқсат бермейтiндiгiн айтып, «қасарысып» отырғандығын да арыз жазғыш азаматтардың аузынан естiдiк. Бiз барған соң мектеп директоры Жұмахан Керiмбаев ауылдағы  ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Пiрiмжан Сәрсенбеков бастаған екi-үш қарияны шақырды. Сандыбай Әбдiжаппаров ақсақал қазiргi мектептiң орнынан жаңа ғимарат салуға толық мүмкiндiк бар екендiгiн ашып айтты. Кезiнде мектептi жаңа жерден соғуға құмбыл болып, жұртшылықты соған жұмылдырған ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Пiрiмжан ақсақал бiзбен кездескенде «мен үшiн мектептiң қайда салынғандығының айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, балаларымызға жақсы оқу ғимараты соғылып берсе болғаны» деген пiкiрiн айтты.

Бiр мектептiң соғылмаған жайының  жағдаятыосы айтыс-тартысты үш жылдан берi жаңа ғимаратты мемлекеттiк тапсырыс алуға, оған тиiстi қаржы бөлдiруге қатыстырмай отыр. Ал ауданның әкiмi Райымбек Жолдас болса, өзiнiң төрелiк сөзiн айтып, билiктiң шешiмiн шығарудың орнына «бiрiң өлiп, бiрiң қалдың» ұстанымын ұстап отырған сыңайлы. Оған басқаша себеп айтуға да болмайды. Егер мектеп тарап, балалар басқа мектептерге «дуана» болып кетсе де бәрiбiр-ау… Бiз өзiмiз бiлген жайды қағазға түсiре отырып, ендiгi нақтылы шешiмдi ауданнан емес, облыстың әкiмi А.Мырзахметовтен, одан жоғары тұрған Бiлiм және ғылым министрi Б.Жұмағұловтан, әрiсi мемлекеттiң Премьер-министрi К.Мәсiмовтен күткендi ең дұрыс шешiм деп есептеп, салмақты сол жаққа салғанды жөн көрдiк.

Б.ТОҚБЕРГЕНОВ.

Қызыларық ауылы,

Бәйдiбек ауданы,

Оңтүстiк Қазақстан облысы.