АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖIККЕ БӨЛIНДI
Бәйдiбек ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында соңғы бiрер жылда түсiнбестiк тiрлiктер орын алып, нәтижесiнде ауыл екiге бөлiндi. Бөлiнгенде «жоғарғы», «төменгi» ауыл болып, бiр-бiрiмен айтысуға көштi. «Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, даудың шығу себебi – жаңа мектеп ғимаратының түсер орнын белгiлеуден басталды.
Ауыл тұрғындарының бiрқатары жаңа мектеп ғимаратын бұрынғы орнынан түскенiн қаласа, мектеп директорының өзi бас болған екiншi топ бұған келiспей, ауыл сыртынан салынуын құп көредi. Бiрiншi топтың айтысына қарғанда, мектеп ауыл сыртына салынған жағдайда мемлекеттiң қыруар қаржысы текке кетедi. Бiрiншiден, мектеп түсетiн жер телiмiн сатып алу керек. Екiншiден, екi аралықта өзен бар, оған көпiр салынуы тиiс. Үшiншiден, арнайы жол жоқ, жол түсiп, асфальттануы қажет. Мұнан басқа, ауылдан шалғай, зиратқа жақын жерден, желдiң өтiнде салынуы тиiс мектеп мүлдем талапқа сай болмауы мүмкiн. Сонда, мұншама ысырапшылдыққа жол бермекке әрекеттенгендердiң көздеген мүдделерi не? — деп ашынады олар. Тiптен бұл туралы ауданның, облыстың құзырлы органдарына хат жолданса да, не құдiретi барын кiм бiлсiн, мектеп директорының жақтастары жеңiске жақындай түседi.
Бiз алдағы кезде Бәйдiбек ауданына арнайы iссапарға шығып, мәселенiң мән-жайына тереңiрек үңiлетiн боламыз.
Е. СҰЛТАН.