АБАЙ АУДАНЫ АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

123
0

Жыл басынан бері Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылған. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов айтты.

«Абай ауданың аумағындағы 34 елді мекеннің 31-і немесе 96 пайызы мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Ал қалған 3 елді мекен немесе 4 пайызы жекеменшік трансформаторларды пайдаланады. Биыл Абай ауданы аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылады» деді аудан басшысы. Спикердің сөзінше, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылып, 97%-ды құрап отыр.  2022 жылы 5,2 млрд теңгеге 1 жобаның (Құрсай, Арғымақ) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Ауданның 8 елді мекені 115,9 мың адам немесе жалпы тұрғындардың 36 пайызы орталықтандырылған кәрізбен қамтылған, қалған 26 елді мекен 207,0 мың адам немесе 64 пайызы кәрізбен қамтылмаған. Ал 2025 жылға дейін 59 пайыз орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 24 елді мекені (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда.

2021 жылға дейін ауданындағы 71 көше жарықтандырылған болатын. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 111 көшеге жарықшам орнатылды. 2023-2025 жылдары  жарықтандырлған көше саны 259-ға жетеді.

Айта кетейік, 2022 жылы 56 шақырым жол пайдалануға берледі. Жалпы 39 жобаға құны 2,4 млрд теңге қаралған. Басты ерекшелігі, ағымдағы жылы қала орталығындағы емес, шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге баса мән беріліп отыр. Жұмыстар басталып та кеткен. Ал құрылысы біткен нысандардың сапасын қала әкімінің өзі барып бақылап, тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.