ЖАСТАР – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

103
0

Жастар – елдің болашағы, қоғамның қозғаушы күші. Осы орайда, өткен аптада Шымкентте халықаралық жастар күніне орай Жастар ресурстық орталығы «Жастар – ел болашағы» атты жастар кешін өткізді. Іс-шараның мақсаты – қала жастарын мерекемен құттықтап, кешкі уақытын қызықты әрі тиімді өткізу.

Мерекелік шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, қала жастарын айтулы мерекемен құттықтады. «Тәуелсіз еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қажет. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз» деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Мерекелік кеште қала тұрғындары мен жастары үстел теннисінен сайысқа түсіп, белсене қатысқан азаматтар сыйлықтарға ие болды. Жас бүлдіршіндерден бастап үлкен кісілерге дейін караокеде ән шырқап, уақыттарын көңілді өткізді. Жалпы өңірімізде жастардың жан-жақты дамуы мен қабілетін ұштауға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жұмыспен қамту шаралары да қарқын алған. Мұның өзі бүгінгі жастардың қоғамда өз орнын тауып, елдің дамуына еңбек сіңіруіне айрықша жол ашады.