ШЫМКЕНТ: ЖАЗҒЫ СУРДЛИМПИАДАЛЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН III СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

118
0

Шымкентте спорт додасы басталды. Нақтырағы, Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР III Спартакиада ойындарының жалауы желбіреді. Мұндай шара 4 жылда бір рет ұйымдастырылады. Жарыстың салтанатты ашылуына рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысып, сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Спорт жарысының жоғары деңгейде өтуіне қалалық әкімдік тарапынан барлық жағдайлар жасалады. Бұл туралы ашылу салтанатында Мақсұт Пернебайұлы айтып өтті. Ал Самат Ерғалиев аталған спорт түрлеріне жеткілікті қолдау бар екенін айта келе, дене шынықтыру саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарды арнайы төсбелгімен марапаттады. Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен спорттың 11 түрі бойынша 1000-ға жуық спортшы қатысады. Сайыс қатысушылары спорттың қол күресі, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, таэквондо, бадминтон, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, футзал және дойбыдан бақтарын сынайды.

Аталған Спартакиаданы ұйымдастырудағы негізгі мақсат — есту қабілеті төмен азаматтарды дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануға тарту, аталған спорт түрлерін кеңінен насихаттау. Айта кету керек, Сурдлимпиадалық спорт түрлері үшінші мешаполисте қарқынды түрде дамып келе жатыр. Биыл Бразилияның Кашиас-де-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшы да бар. Нақтырағы, Сабыржан Рсалы еркін күрестен күміс жүлдені иеленген болатын. Ал биыл бастау алып отырған Спатакиадада Шымкент қаласынан 100-ден астам спортшы бақ сынамақ. Шара 6-10 қыркүйек аралығында өтетінін де айта кету керек.