ЖАҢАТАЛАП САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛУДА
Жуырда Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту жұмыстанының толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталғанын жазған болатынбыз. Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды. Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды. Бұған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындарымыз 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсті.
Айта кетейік, биыл сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елдімекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады. Биылғы қамтылу көрсеткіші 98 пайызға болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.