ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ТАМАҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

20
0

Ағымдағы жылдың қыркүйегінде ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауда бірқатар маңызды міндеттер қойылып, тиісті тапсырмалар жүктелді. Осы орайда, маңызды құжаттағы басым бағыттарды баяндау барысында ел Президенті «Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді» деп атап өткен болатын.

Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Әсіресе, шаһардың республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғаннан кейін экономикалық көрсеткіштер әлденеше есе артты. Шағын және орта кәсіпкерлің дамыды. Инвестициялық ахуал жақсара түсті. Қазіргі уақытта қала аумағында бірнеше индустриалды аймақтар белсенді жұмыс жүргізіп келе жатыр. Осы орайда, Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Олжас Бектенов ауыл шаруашылығындағы өңдеу, фармацевтика және тамақ өнеркәсібі салаларының өкілдерімен кездесті. Жиында Президент Жолдауындағы өнеркәсіптік әлеуетті толық ашу және экономика өсімінің жаңа нүктелерін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру барысы мен шаралары талқыланды. Премьер-Министр қаланың өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. «Химфарм» фармацевтикалық зауытының аумағында Үкімет басшысына өндірістік қуаттар жыл сайын 1 млрд бірлікке дейін таблеткалар, капсулалар мен түйіршіктер, 250 млн ампула инъекциялық ерітінділер және басқасын шығаруға мүмкіндік беретіні баяндалды. Фармацевтикалық кәсіпорын 89 аталым бойынша дәрілік заттарды жеткізеді. Қаланың фармацевтика саласында кәсіпорынның үлесі 99,2 пайызды, республика бойынша – 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 897 адам жұмыс істейді. Қызметкерлер Еуропа елдерінде үнемі бейіндік оқытудан және біліктілігін арттырудан өтеді. Үкімет басшысы фармацевтика өнеркәсібіндегі отандық өндірістің үлесін одан әрі арттырудың маңызын атап өтті. Шымкент қаласының Алтынтөбе елдімекеніндегі «Алан және Компания» джем мен шырын өндіретін кәсіпорнына барған кезде зауыт сағатына 7 тоннаға дейін көкөніс пен жемістерді өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталғаны баяндалды. 45 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылған, алма, шабдалы, алмұрт және жүзім өсіріледі. Компанияға «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Импортты алмастыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспарға саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі қадамдар енгізілді. Ол үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, сақтау сыйымдылықтары мен технологиялық жабдықтарды жаңғырту үшін инвестицияларды белсенді тарту, сондай-ақ қосымша өндірістік қуаттарды құру көзделген. Премьер-Министр аталған шаралар салаға елеулі қолдау көрсететінін және отандық қайта өңделген өнімдер өндірісін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті. Бұл ішкі нарықты толтыруға және импортты алмастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы The Coca-Cola Company сауда белгілері бар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытпен танысты. «Кока Кола Алматы Боттлерс» бірлескен кәсіпорны Шымкент қаласындағы сауда-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан. Кәсіпорын газдалған, газдалмаған сусындар мен бөтелкедегі суды өндіреді, зауыттың қуаты – жылына 283 млн литр. 100 жұмыс орнын ашатын жобадағы инвестиция сомасы 27 млрд теңгені құрайды. Премьер-Министр жергілікті жерлерде инвесторларға көрсетілетін қолдау шараларына, сондай-ақ олар шығаратын өнімнің сапасын үнемі арттырудың маңызына назар аударды. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында дамудың ары қарайғы келешегіне назар аударылды.

Ал «Оңтүстік» индустриялды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Үкімет басшысы сондай-ақ «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты. Сапар барысында Премьер-Министр жаңа салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандары мысалында Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Сондай-ақ Үкімет басшысына қаланы айналып өтетін транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28,2 км «Қорғас-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Республикасы шекарасы» А-2 автожолын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.