ҚАЛА ӘКІМІ ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ ҚАЛАНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Шымкент – еліміздегі халық саны миллионнан асатын үш қаланың бірі. Сондықтан шаһарды дамыту шараларына басымдық беріліп келеді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде қалада бірқатар ауқымды шаралар атқарылды. Өткен жылдың өзінде көптеген игі істер жүзеге асты. Ал орындалған міндеттер мен тапсырмалардың жай-жапсарын қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың өзі бақылап, орын алған олқылықтар бойынша тиісті тапсырмалар беріп келеді.
Осы орайда, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті рет қаланы аралау барысында Абай ауданында орналасқан «Хадиша» медициналық орталығының жұмысымен танысты. Биылдан бастап бұл орталықта халыққа шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетіле бастаған. Көпсалалы клиника заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған және орталыққа жақын маңдағы 18 емхана бекітілген. Медициналық мекемелерде 400 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Бұл халыққа кең көлемді медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Қала әкімі клиника басшылығына дәрігерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттырып отырудың және сапалы медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Нұршуақ» шағынауданында салынған №149 жалпы орта мектептің оқу үдерісін ұйымдастыру барысын тексерді. 2000 орынға лайықталған бұл жайлы мектеп жаңа жыл қарсаңында ашылған еді. Тексеру барысында қала басшысы жауапты тұлғаларға мектептегі тамақтану сапасын және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды.
Әкім бұдан бөлек, Тұран ауданындағы «Business Kids-Ucmas» халықаралық балалар академиясында болды. Бұл оқу орнында балаларға ерте жастан бастап кәсіпкерлік негіздері мен бағдарламалау сабақтары үйретіледі. Сондай-ақ жеке түзету-педагогикалық оңалту жүргізіледі. Білім басқармасының басшылығына осы мекемеге мемлекеттік қолдау шаралары аясында көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ «Орталық су-спорт кешені» МКҚК ғимаратының қазіргі жай-күйін қарап шықты. Компания өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамағандықтан, бұл нысан өткен жылдың соңында коммуналдық меншікке қайтарылған болатын. Дене шынықтыру және спорт басқармасына биыл кешенді күрделі жөндеуден өткізу туралы тапсырма берілді. Аралау соңында Керімше көшесін Қазиев көшесінен Рысқұлбеков көшесіне дейін ұзарту жобасымен, «AVENUE-32» көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы барысымен және Жандосов көшесін Қонаев даңғылынан Шаймерденов көшесіне дейін қосу жобасымен танысты. Бұл жобаларының жүзеге асырылуы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.