«ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ»: ЖОБАНЫҢ III КЕЗЕҢІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

106
0
Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен «Шымкент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңі басталды. Лиганың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, ARG компаниясының өкілі Шолпан Мұратқызы, аудан әкімдері мен депутаттар қатысты.
Жобаның мақсаты — мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастыруға және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
— Шымкент қаласының жалынды жастары «Шымкент жастар Лигасы» Сіздер үшін жетістік пен салауатты өмірге бастайтын жаңа жол. Осы бастама арқылы қаламыздың жастары әлем додаларын бағындыратын батыл да қайратты спортшылар шығатынына сенеміз! Жеңісті күндеріміз көп болғай!,- деді Ш. Мұқан.
Ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан 514 команда, жалпы алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет өткелі отырған «Шымкент жастар лигасы» жобасы жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары арасында 2022-2023 оқу жылы аясында өтеді. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен 514 команда, 5926 оқушы қатысады. Лига командаларды қолдау бойынша қатысушы әрбір мектептен фанклубтар жасақталды.
Бүгінгі жарыста волейболдан алғашқы екі команданың ойыны тартысты өтті. Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы командасы және Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы командасы жарысқа түсті. Нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы 2-0 есебімен жеңіске жетті.