ШЫМКЕНТ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ 86%-Ы ӨРТТЕН ОРЫН АЛҒАН

96
0
Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайлардың 86%-ы өрттің салдарынан болған. Қауіп жылыту кезеңі қарсаңында күрделене түсуде. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы, полковник М.Жаксибаев шаһар басшысы М.Әйтеновтың алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.
Мадияр Есенгелдіұлының айтуынша, соңғы 8 айда 131 өрт тіркеліп, 1 адам қаза тапса, 2 адам жарақат алған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 13%-ға өскенін көрсетеді. Анықталғандай, статистикалық мәліметтер негізінде мұндай немқұрайдылықтың негізгі себептері қала азаматтырының қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балдардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке тастап кету болып табылды.
— Жалпы Шымкент қаласының 83% газбен жабдықталған. Бұл ретте халықтың улы және табиғи газбен улануымен байланысты жазатайым оқиғалардың ықтималдығы жоғары. Өткен жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 56 өрт тіркелген, материалдық шығын 86 млн. теңгені құрады. Табиғи газбен улану бойынша 4 жағдай тіркелді, нәтижесінде 3 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алды,-деді қалалық ТЖД бастығы М.Жаксибаев.
Алдағы жылыту маусымында қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін Мұрат Әйтенов құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. “2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу” іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Қорыта айтқанда, күнделікті тіршіліктегі немқұрайдылық пен қарапайым ережелерді сақтамау орны толмас өкініштерге алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығаруға болмайды. Бұл — әр азаматқа артылған жауапкершілік. Өзімізбен қатар айналадағы адамдардың да қалыпты өміріне қол сұқпауға тырысқан жөн. Осыны ұмытпасақ екен…