МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІНЕ ТОҚТАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Жиында мемлекет басшысы бірнеше мәселеге тоқталып өтті. Атап айтсақ, тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударылды.
«Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет» – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты. «Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын» – деді ел Президенті.
Президент әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға назар аударды. Сондай-ақ биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын айтқан Президент Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатқанына тоқталды. «Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс» – деді Мемлекет басшысы.