ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ОРЫН АЛҒАН ОЛҚЫЛЫҚТАР ЖОЙЫЛДЫ

201
0

Бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың құрылысын жүйелі түрде тексеріп келе жатқанын жазған едік. Енді шаһар басшысы жуырда «Тұран» шағын ауданындағы биыл берілетін тұрғын үйлер мен оған қатысты инфрақұрылым жүйелерінің сапасын тексеріп шықты. Тексеру барысында осыған дейін орын алған олқылықтар жайы зерделенді. 

Бұған дейін қала әкімі халықпен кездесу кезінде тұрғындардан түскен шағымдар негізінде шаhар басшысы әрбір нысанды жіті бақылауына алып, тұрғындар және тиісті сала басшыларынан тұратын арнайы топ құрған болатын. Осылайша, Мұрат Әйтенов жұмыс тобымен аталған аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйелерінің жұмыс сапасын бақылауға алған. Баспанадағы ақауларды анықтауға зерделеу жұмысын жасайтын арнайы топ жүргізген бақылаулар нәтижесінде 230-дан астам пәтерде ақаулықтарды анықтап, кемшіліктің 85% мердігер мекеме тарапынан жойылды.

«Шымкентте тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 48 623 азамат тізімге тіркелген болса, оның 1819-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 9 186-сы көпбалалы отбасы, ал 16 957-сі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатында, бұл тізімде сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер де бар. Бұл кісілер ертерек өз баспанасына қол жеткізуі үшін сіздер жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындап бітуге тиіссіздер», — деді қала басшысы.

Тұран шағынауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінге дейін тиісті жұмыстардың 88-95%-ға орындалған. Жұмыс сапасы алдағы уақытта да қатаң бақылауда болмақ. Негізгі мақсат – нысанды дер кезінде жоғары сапада тұрғындарға берілуіне барынша ықпал ету.