ЖАҢАТАЛАПТА КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

42
0

Бүгінде елімізде азаматтардың талап-тілегіне дер кезінде жауап беру, заң аясында нақты шешім қабылдау – мемлекеттік басқару ісінің басты бағытына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру үшін барлық деңгейдегі билік өкілдері мен қоғамдық ұйымдар нақты шаралар қабылдап жатыр. Соның жарқын бір мысалы – «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Шымкент қаласының Тұран ауданына қарасты Жаңаталап елдімекенінде өткен көшпелі қоғамдық қабылдау.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу, сондай-ақ тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату. Бұл – тек есеп беру немесе тұрғындарды тыңдау шарасы емес, нақты жауапкершілік жүктейтін, нәтижеге бағытталған кездесудің форматы болды. Қабылдауға келушілер түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық, тұрғын үй-коммуналдық сала бойынша өзекті мәселелерін көтеріп, нақты жауаптар алды. Іс-шараға халық қалаулылары мен салалық мамандар кең ауқымда тартылды. Атап айтқанда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат депутаттары Муфтулла Қонақтаев, Талғат Балтабаев, Абзал Зейнетаев, Тұран ауданы әкімдігінің мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар мен сот орындаушылар төбе көрсетті. Мұндай ауқымды құрам – қабылдаудың тиімді өтуіне және мәселелердің жан-жақты қарастырылуына мүмкіндік берді. Қабылдауға келген азаматтар негізінен инфрақұрылымға байланысты түйткілдерді көтерді. Мәселен, Қорғанжар көшесінің тұрғыны Абдухалал Ардақбаев «Біздің басты мәселеміз – көшеге асфальт төселмегені. Жауынды күндері лай, жазда шаң. Осы жағдайды шешіп берсеңіздер» деп шағымданды. Оған жауап ретінде Ербол Байқонысов «Қорғанжар көшесіне асфальт төсеу жоспарда бар. Жалпы, 2025 жылы қала бойынша 170 шақырым жол салынады. Қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 79%-ға жетеді. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 85%-дан асады. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр және партия бақылауында болады» деп нақты мәлімет берді.

Сүлеймен Қожамқұлов есімді тұрғын елдімекенде балаларға арналған спорттық инфрақұрылымның жоқтығын айтып, спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. «Балалар көрші аудандарға қатынауға мәжбүр. Өзіміздің елдімекенде спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ» деді ол. Бұл өтінішке депутат Талғат Балтабаев «2027 жылға дейін қалада 100 ашық спорт алаңының құрылысы жоспарланған. Соның 32-сі Тұран ауданына тиесілі. Бұл ұсынысты әріптестеріммен бірге қозғап, нақты шешім қабылдау үшін жұмыс істейміз» деп жауап беріп, спорт мәселесінің партия және мәслихат деңгейінде назарда екенін айтты. Қоғамдық қабылдау кезінде басқа да маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда тұрғындар үйіне табиғи газ желісін қосу барысының баяулығын айтты. Қауіпсіздік мәселелерін алға тартты. Жаңа шағынаудандарға автобус қатынасының жоқтығы тұрғындардың күнделікті тіршілігін қиындатып отырғаны айтылды. Барлық айтылған өтініштер хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Көшпелі қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде Жаңаталап тұрғындарының талап-тілегі ескерусіз қалмай, нақты шешім қабылдау бағытында бастамалар көтерілді. Ең бастысы — әрбір ұсыныс партия бақылауына алынды және оның орындалу барысы тұрғындарға тұрақты түрде жеткізіліп отырады. Мұндай қабылдаулар тек біржақты емес, екіжақты ашық диалогтың тиімді үлгісі ретінде халықтың билікке деген сенімін нығайта түседі. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жергілікті деңгейдегі нақты көрінісі.