МҰРАТ ӘЙТЕНОВ БОЗАРЫҚТАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕКСЕРДІ

106
0

Бүгінде Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында қыруар іс қолға алынып жатыр. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты бірқатар шағынаудандар мен елді мекендердегі өзекті мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, ішкі орамдық көшелерге асфальтбетон жабындысы төселді. Сапалы электр жарығы, ауыз су мен көгілдір отын тартылды.

Қазіргі уақытта Қаратау ауданына қарасты «Бозарық» шағынауданында бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басына арнайы барып, бұған дейін берілген ескертпелердің түзетілгеніне көз жеткізді.  Мұнда жалпы ұзындығы 1,4 шақырым электр желісі, 1,2 шақырым газ, 1,3 шақырым ауыз су құбырлары, 0,8 шақырым кәріз жүйесі тартылуда. Қазірге дейін барлық жұмыстардың 30 пайызға орындалды. Келесі жылы ауыз мен көгілдір отын тарту жұмысы толық аяқталмақ. Сонымен қатар 2020 жылы басталған жолдардың құрылысы 50%-ға салынды. Қалған жартысы келесі жылы толығымен бітеді.

Тексеру барысында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов атқарылатын жұмыстардың сапасына баса назар аудару керегіне тоқталды. Сонымен қатар тиісті басқарма басшыларына нысандардың дер кезінде жоғары сапада тұрғындарға тапсырылуын қадағалау керегін айтты. Сонымен қатар мерзімінен кешіктіруге жол беруге болмайтынын да тілге тиек етті.

Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Қала әкімі аталмыш аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымында аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған. 19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.