ӨРТ ОҚИҒАСЫ БОЙЫНША 71 ӘКІМШІЛІК ІС ҚАРАЛДЫ

93
0

Түркістан қаласы бойынша ағымдағы жылдың 9 айында 49 өрт оқиғасы тіркеліп, өрт оқиғасы бойынша 71 әкімшілік іс қаралған.

Бұл туралы Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы баяндамасында келтіреді.

Облыс орталығында тіркелген өрт оқиғасы бойынша 1 лауазымды тұлға, 43 жеке тұлға және 15 заңды тұлғаға «ескерту» түріндегі шара көрілген. Сонымен қатар 2 заңды тұлғаға 306300 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, 4 заңды тұлға 122520 теңге, 3 жеке тұлға 61260 теңге көлемінде  айыппұл арқалаған.

Сала басшысы 2022 жылдың 9 айында өрт оқиғасы салдарынан қайтыс болғандар жоқ екенін атап өтті.

Айта кетейік, біз бұған дейін қалада тіркелген  өрт оқиғасы салдарынан барлығы 116 млн 130 мың теңге (2021 жылы — 137 млн 550 мың) материалдық шығын келгенін, тілсіз жаудан  467 млн теңге (2021 жылы — 506 млн)   материалдық құндылықтар құтқарылғанын хабарлағанбыз.

Төтеншеліктер әдетте өрттің пайда болуына көп ретте электр жабдықтарын техникалық пайдалану және монтаждау қағидаларын бұзу, отты абайсыз қолдану, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, найзағайдың тікелей соғуы және олардан туындаған ықпал, балалардың отпен ойнауы, электрмен дәнекерлеу және басқа да отпен жүргізілетін жұмыстарды жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан орын алатынын алға тартады.

Өрттің алдын алу үшін ең әуелі өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауды естен шығармайық.