СУ ЖИНАЛАТЫН УЧАСКЕЛЕРГЕ 40 ДАНА ДРЕНАЖ ҚОЙЫЛДЫ

87
0

Түркістан қаласы бойынша 2022-2023 жылғы қыс-көктем айларында қала аумағында су тасқынының алдын алу бағытында су жиналатын учаскелерге  40 дана дренаж орнатылды,-деп хабарлайды uakit.kz.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мәлімдеуінше  ағымдағы жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында  қала аумағында нөсер жаңбырдан бірқатар мәселелер туындаған. Атап айтқанда қатты жауған нөсер кезінде қалалық ауқымдағы жолдардың бірқатар учаскелерінде су жиналу оқиғасы тіркелді. Өз кезегінде бұл тұрғындарға үлкен ыңғайсыздық тудырып, көлік қозғалысына кері әсерін тигізген. Жағдайдың күрделенуіне байланысты қаланың коммуналдық қызметтерімен бірге жиналған суды соруға барлығы 12 адам, 4 мотопомпа және 4 техника жұмылдырылды.

Қазіргі таңда, қала аумағында су жиналатын учаскелерге
40 дана дренаж орнатылған.

Одан өзге күз-көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу мақсатында қала ішінде жүргізілген жалпы ұзындығы 30,3 шақырым болатын иригациялық жүйелерде  тазалық жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Және жаңбыр суларын бұру бойынша 13,5 шақырым жаңа айналма арналарын құру жүргізілген.

Бірақ бұл әрекеттер жеткіліксіз болған. Оған қала аумағында ағымдағы жылдың 12 сәуіріндегі, 16 және 26 шілде күндері су басу фактілерінің орын алуы дәлел болған. Сол кезде қала аумағында су ағарлар суға толып көше бойларын су басқан.

Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы мұның басты себебін Р-32, Р-33 каналдарындағы шлюздың жарамсыз жағдайда болуымен байланыстырады. Мәселені шешу үшін  жарамсыз шлюздерді қалпына келтіріп, су ағарлардағы судың деңгейін аз мөлшерде жіберуін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде жарамсыз шлюздері жаңасына ауыстыру туралы жергілікті атқарушы органға сұраныс жолданған.

Қала аумағында су тасқыны жағдайын жою үшін 8 дана мотопомпа сатып алынды. Қосымша 4 дана автокөлікке вакуумдық ассенизатор сатып алу қарастырылуда.