МЕГАПОЛИС МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ- НЕГІЗІ МАҚСАТ БОЛДЫ
«Осыдан 5 жыл бұрын қалаға мегополист статусы берілген кезде, жетіспейтін инженерлік инфрақұрылым қаланың экономикасына инвестиция тартуға көптеген кедергісін келтірді»-деді, Астанада өткен Орталық Коммуникациялар Қызметі арнайы баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Шынымен, республикалық маңызы бар қала атанғанда онда магистралдық ауыз су, электр, табиғи газ қуаттылығы жетіспейтін. Қолданыстағы магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың куб болса, нақты қажеттілік 323 мың куб, электр энергиясы – 330 мВт болса, нақты қажеттілік 455 мВт, табиғи газ — 180 мың метр куб болса, нақты қажеттілік 270 мың метр кубты құрайтын.
Айта кетерлігі 297 мың халықты ауыз сумен (оның ішінде, ауыз суды тасымалды тұтынатын 8 елді мекен болды), 308 мың халықты электр энергиясымен, 257 мың халықты табиғи газбен қамтуға мүмкіндік болмады. Жолдардың сапасы бойынша да бірнеше өзекті мәселелер болатын. Мәселені шешу үшін, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленді. Бүгінде жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылуда.
Соңғы 5 жылда инженерлік — инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд.теңге бағытталды. Оның 87 пайызға немесе 166 млрд.теңгесі соңғы үш жылда бөлінді. Бірінші кезекте, қуаттылығы 91 мың кубты құрайтын 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Осылайша ауыз су тапшылығы мәселесі толық шешілді. Оның қуаттылығы шамамен 2030 жылға дейін жетеді. Сонымен қатар, 4 подстанция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында да жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты. 2022 жылдың қорытындысымен ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға, электрмен қамту 98 пайызға, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетті. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесін толығымен шешу жоспарлануда.