КҮНДЕСIН ТАПСЫРЫСПЕН ӨЛТIРТПЕК БОП…

353
0

Кеудесiн тырмалаған «қызғаныш» деген қызыл ит ақыры оны тәуекелге бел будырды. Жоғары бiлiмдi педагог-мұғалiм, 2 баланың анасы мұндай қадамға бармас бұрын өзiне сенiмдi серiктер iздестiрдi, ойға алған жоспарын ың-шыңсыз жүзеге асыруды көздедi. Егер күндесiнiң көзiн құртса күйеуiнiң ешнәрсеге алаңдамасын, өзiнiң жанында болатынын ұқты. Әйтсе де күндесiнiң  күйеуiнен бiр ұл, бiр қыз барын, олардың анасыз аңырап қаларын бiле тұра мән бермедi, тек қана көзiн құртуды ойлады.

Сәнiмкүл 1994 жылы Ерданмен отбасын құрып, заңды некеден екi бала сүйедi. Алғашқыда бәрi жақсы-тын. Қазығұрт ауданындағы бiр мектепте мұғалiм болып iстей жүре күнделiктi күйбең тiрлiктен қолы босамайтын. Дегенмен, күйеуiмен жиi сөзге келiп, кей-кейде жүз шайысып қала беретiндiктерiне еш мән бермептi. Мұның соңы отбасының берекесiн кетiретiнiн, күйеуiнiң өзiнен көрмеген ықылас, пейiлiн өзгеден iздейтiнiн қалайша түсiнбегенiне таңы бар. Ақыры шөлмек мың күнде емес бiр-ақ күнде сынып, 2002 жылы заңды некелерiн бұзбай екеуi екi бөлек тұрып өмiр сүруге келiстi. Ердан мұсылмандық жолмен Алтынмен некесiн қидырып, олардан бiр ұл, бiр қыз өмiрге келедi. Өмiр осылай өтiп жатар ма едi, егер Сәнiмкүл мен Ердан қайта қосылмағанда!

Олардың келiсiмдерi бойынша Ердан Сәнiмкүлмен де, Алтынмен де қатынасын үзбей, бiрге тұрып жатады. Әкелерi бiр, аналары бөлек екi үйдiң балалары да бiр-бiрлерiне бөтен емес екендiктерiн сезгендей болады. Арада уақыт өте келе Сәнiмкүлдi түрлi ойлар жиi мазалайтын болды. Кеудесiнде күндесiне деген кек оянды. Ұрыс-керiспен түк өндiре алмасын бiлген ол Алтынды қорқытып, ерiне жолатпайтындай әдiстердi ойластыра бастады. Бұл ойын 2011 жылғы желтоқсан айында бiрге оқыған сыныптасы Балабекке айтады. Балабек жалдамалы адам табуды, бұл қызметi үшiн 500 АҚШ долларын беретiнiн айтып, танысы Базаркүлдi азғырады. Осыдан соң Алтынды ұрып-соғып, қорқытатын адамды табу Базаркүлге жүктелiп, алдын ала 72000 теңге қолына ұстатылады. Базаркүл 2012 жылғы ақпанның 15-i күнi Алтынға жасырын жолығып, өзiне қастандық ұйымдастырылып жатқандығын хабарлаған соң екеуi ОҚО IIД-не келiп, орын алмақ оқиға жөнiнде толық ақпар бередi. Әрмен қарай оқиға «сценарий» бойынша өрбидi.

Қылмыстық топ құрамы алғашқы жоспарларын өзгертiп, ендiгi жерде Алтынды өлтiрмекке бекiнедi. Тапсырысты орындаушыға деген 218.000 теңгенi Балабек Сәнiмкүлден алып, Базаркүлге жеткiзiп бередi. Құқық қорғау қызметкерлерiнiң түзген жоспарларына сай Базаркүл тапсырысшының Алтынды өлтiргенiн, алайда «ставка» құны 2000 АҚШ доллары екенiн айтады. Сенiмдi болсын деген оймен Алтынның «өтiрiк өлтiрiлген» суретiн ала келгенi дұрыс болған екен, Сәнiмкүл Базаркүлге сендi. Осылайша, күндестiң кесiрiнен ауыр қылмыс жасауға оқталған Сәнiмкүл де, оның серiктерi де нақты айғақтармен құқық қорғау қызметкерлерiнiң қолдарына түседi.

Оңтүстiк Қазақстан облысының қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК-нiң 24-бап, 3-бөлiгi, 96-бабының 2-бөлiгiнiң «Ж», «З» тармақтары бойынша айыпты деп табылған Ердан мен Сәнiмкүлге қатысты қылмыстық iстi жабық сот мәжiлiсiнде қарап, екеуiне де 10 жылдан бас бостандықтарынан айыруға үкiм тағайындады. Ойланбай iстелген iстерiнен опық жеген олардың соттан кешiрiм  сұрап, бас ұрғандарымен ештеңе өзгере қоймады, бәрi де кеш болатын.

(Белгiлi себептерге байланысты кейiпкерлердiң есiмдерi өзгертiлдi).

 

Райымхан ЗАППАРОВ,

ОҚО қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық

сотының төрағасы.