ЖОЛДАУ: ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

106
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы халықпен кездесулер жалғасуда. «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының мүшелері Бадам тұрғын алабының тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды Uakit.kz.

№97 мектепте өткен жиынға білім ошағының ұжымы мен жергілікті тұрғындар қатысты. Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың еңбек адамына тиер игілігі сөз болды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға баса назар аударды. Мысалы, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы аналарға төленетін жәрдемақы мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылып отыр. Ал әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды. Бұған қоса сәбилерді балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізілмек», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың денсаулығын нығайтуға, білім саласын дамыту, жастарға, кәсіпкерлерге қолдауды күшейту қажеттігіне баса назар аударылғаны түсіндірілді. Сондай-ақ, жиын барысында тұрғындарды ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды бірлесе құруға, белгілеген жұмысты өз деңгейінде атқаруға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Айта кету керек, Шымкенттегі «Шымкент май» акционерлік қоғамында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру аясында Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев ұжыммен  кездесу өткізді. Жиында Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.