ЕҢБЕКТЕРІҢІЗ ЕҢ ЖОҒАРЫ БАҒАҒА ЛАЙЫҚ

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға ізгі тілек арнады,-деп хабарлайды uakit.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер.

Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық.

Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін.

Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»,- делінген құттықтауда.

19-қазан – Құтқарушылар күніне орай республиканың барлық өңірінде төтеншеліктерге құрмет көрсетіліп жатыр. Кеше Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков және Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Арман Алпысбаев жергілікті құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Бірқатар құтқарушыларға қала әкімі тарапынан Алғыс хаттар берілді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында Түркістан қаласында өрт, газдан улану, суға кету секілді 327 оқиға орын алды. Оның ішінде 49-ы өрт оқиғасы.