САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУҒА БАРША МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЛУДА

125
0

Салалауатты өмір салтының бұқаралық сипатқа ие болуы ұлттың сапалық көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Ал салауатты өмір салтымен айналысуға жағдай жасау – жергілікті атөарушы биліктің желкесіне артылған жауапкершілік. Жасыратыны жоқ, Шымкент қаласында тұрғындардың спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалып келе жатыр. Нақтырағы, балалар ойын алаңшасы салынуда. Ал ескілеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жуырда шаһар басшысы Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көп қабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті. Аудандағы көпқабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды. Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Нысандарды аралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлы «Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал, бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз» деп атап өтті. Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда. Аталған жобаның ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынғаны белгілі. Күні бүгінге дейін Шымкентте бірқатар нысандар аталған жоба аясында пайдалануға берілді. Нақтырағы, тұрғындар ұсынысымен өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылған. Биыл ІІ кезеңмен 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылуда. Жобаға енген Базарқақпа тұрғын алабы, Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласындағы жұмыстар барысымен танысуға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын және тренажер алаңшасы салынатын аула жұмыстары қараша айының соңына дейін толық аяқталады. Ал Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже толық жүзеге асады.