КӨКБҰЛАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНЕ ТАБИҒИ ГАЗ ҚОСЫЛДЫ

96
0

Республика күні қарсаңында Шымкент қаласының “Абай” ауданына қарасты “Көкбұлақ” елді мекені табиғи газға қосылды. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов “Көкбұлаққа” арнайы барып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

“Бүгін 1 балабақша мен құжаты дайын үйлерге газ қостық. Енді көмір тасып әуреленбей, барлығыңыз дерлік көгілдір отынды кіргізіп алыңыздар”,-деді әкім. Бұл сөзді құптаған халық жылдамдатып әрекетке көшетіндерін жеткізіп, қыс басталмай газбен қамтылғандарына алғыс білдірді. Елді мекенді табиғи газбен қамту үшін құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жалпы ұзындығы 1 6,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, бекітілген жоспар мерзімінде іске асып, 100%-ға орындалды. Қазіргі уақытта магистралды газ құбырына газ беріліп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталды. Құжаттары дайын үйлерге рет-ретімен көгілдір отын кіргізілмек. Қазіргі таңда мегаполис тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін, “Тұран”, “Ақтас-1”, “Ақтас-2”, “Нұртас”, “Батыс”, “Сәуле-276” орам, “Ақжар”, “Арғымақ” елді мекендеріне табиғи газ тартылып, көрсеткіш 94,7%-ға жетеді. Осының нәтижесінде 34 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылатын болады. Жалпы аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Қаратау әкімі Рахымберді Мүлкеманов былай деген болатын «Аудан аумағында табиғи газбен қамтылған елді мекен саны – 18. Жартылай қамтылғаны – 3, мүлде қамтылмаған – 3 елді мекен бар.  Биыл аудан аумағын табиғи газбен қамту көрсеткішін 90 %-ға, 2023 жылы 96%-ға арттырып, 2025 жылы ауданда жалпы табиғи газбен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу межесі қойылып отыр». Аудан әкімінің айтуынша, ауданның сапалы ауыз сумен қамтылған елді мекені -17. Осы жылы 6 елді мекен (Тұран, Достық, Қайнарбұлақ, Тассай, Асар-2, Нұртас),  ал келесі жылы «Бозарық» елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жартылай қамтылғаны – 3. Сонымен қатар бес елді мекен кәріз жүйесімен толық қамтылса, 19 елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.  Кәріз жүйесі бойынша жалпы 5 жобаның (Мирас, Асар-2, Тассай, Достық, Тұран) құрылысы жүргізілуде. Ал, 2023 жылы нақты 6 жобаның (Тұран, Тассай, Асар-2, Нұртас, Достық, Ақжайық) құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарға қойылуда.