АУЛАЛАРДЫ АБАТТАНДЫРУ КӨРСЕТКІШІ 1,8 ЕСЕГЕ АРТҚАН

99
0

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту ісінде ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жүзеге асқан жобалар көп. Жуырда олардың қатары тағы да толыға түсті. Тарқатайық…

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында, Шымкент қаласы, 18 шағынаудандағы №21 және 25 көпқабатты үй аулаларында 2 кешенді балалар ойын алаңшасы тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Ашылу салтанатына үй тұрғындары, Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшибеков,  AMANAT партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова және аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Тұрғындардың ұсынысымен 2021 жылдан бастап абаттандыру, ойын алаңшаларын салу жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып келеді.

Ауданда биылғы жылы жоба аясында аулаларды абаттандыру 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артып, 73 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке секторда 6 – кешенді балалар ойын алаңшаларын құру жоспарланған. Оның ішінде І-кезең бойынша 52 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, жеке секторда 6-балалар ойын алаңшасы құрылды. ​Қазіргі уақытта ІІ-кезең бойынша 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшасын құру жұмыстары жүргізілуде. 18 шағын ауданда да орналасқан 56 көпқабатты үйдің аулалары 2011-2013жж. кезең-кезеңмен толық абаттандырылған болатын. Алайда уақыт өте келе, бірқатар балалар ойын алаңдарының тозығы жеткен. ​​Шағын ауданда 2020 жылдан бастап алаңқайлар жаңартылып, заманауи ойын алаңдары құрыла бастады. Нәтижесінде 2020 жылы 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылса, 2021 жылы тұрғындардың ұсыныстары бойынша 5 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшалары құрылды, ал ағымдағы 16 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылуда, одан бөлек 3 ашық спорт алаңшасы қайта құрылды. Қалған 25 көпқабатты үйдің ауласын 2025 жылға дейін қайта жаңғыртып, заманауи балалар ойын алаңшаларын құру жоспарда бар. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бастаманың арқасында күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарайтын аудандарда көптеген ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасатынын да тілге тиек ете кету керек.