ҚОНАЕВ-РЫСҚҰЛОВ КӨШЕЛЕРІ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙРЫҚ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ
Шымкентте Республика күні мерекесінде Д.Қонаев пен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырық салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте көлік кептелісін болдырмау мақсатында Д.Қонаев пен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысына жолайрық салу 2020 жылдың қазан айында құрылыс жұмыстары басталған болатын. 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай жолайырық ресми түрде ашылды. Оған қала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары, мердігер мекеменің жетекшілері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты.
«Бұл жолайырық былтырдан бері техникалық түрде ашылып, қала тұрғындары пайдаланып келеді. Сол аралықта кеткен кемшіліктер реттеліп, түзетілді. Жобаға қосымша жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып, айнала абаттандырылды. Бұл – мегаполистегі ірі жобаның бірі. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Ұлттық мерекеміз құтты болсын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын!» – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімімен бір топ азаматтар ағаш көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ нысанның атқарылған жұмысымен танысып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелді жүріп өтті.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері берген мәліметке сәйкес, қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жолайырықтың құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталған. 2021 жылдың соңында, көлік кептелісін азайту мақсатында, техникалық тұрғыда көлік қозғалысы үшін ашылған болатын. Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесі қиылысының өткізгіштігі тәулігіне 27 775 көлік болса, бүгінде бұл көрсеткіш тәулігіне 66 мың көлікке жуықтайды.
Айта кету керек, жолайрық Д.Қонаев даңғылымен 1030 метр, Рысқұлов көшесімен 684,7 метр аралығын қамтиды, ені 42 метр. Жол 6 жолақтан тұрады.