ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫ ХАБАРЛАЙТЫН «ДАРМЕН» МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫН ПАЙДАЛАНУДЫ ҮНДЕДІ

Алдағы қыс мезгілінде жолдарда адам өлімінің алдын алу үшін халықты СМС-хабарламалар арқылы ақпараттандыру белсенді жүргізілетін болады.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

Ведомства басшысы жабық жолдар туралы барлық ақпарат «ДАРМЕН» мобильдік қосымшасында орналастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ол көбінесе халықтың ауа-райының нашарлауы, жылдамдық режимі, көлік құралдарының істен шығуы туралы SMS-хабарламаларды елемеуі жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин халыққа «ДАРМЕН» мобильді қосымшасын белсенді пайдалану қажеттігі туралы үндеу жолдады. Сондай-ақ жүргізушілерді автожолдарда сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Айта кетейік Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы келтірген дерекке сүйенсек ағымдағы жылдың 9 айында еліміз бойынша жолдарда 10,2 мыңға жуық апат орын алған. Салдарынан 15 мыңнан астам адам зардап шеккен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының көбеюі 8,9%-ды құрады. Жол апаттарының салдарынан 1,7 мың адам қаза тапты. Оның ішінде 181-і кәмелетке толмаған балалар болса, 457-і әйелдер және 1 258-і ер адамдар. Зардап шеккендер арасындағы кәмелетке толмағандардың үлесі 19,9%-ды (3 007) құрайды және олар негізінен автокөлік құралдарының соқтығысуынан зардап шеккен.

Сонымен қатар, қоғамдық көлікке қатысты 532 жол апаты орын алды. Онда 70 адам қаза тапты және 783 адам жараланды. Өткен жылы 446 бірліктің қатысуымен  436 жол-көлік оқиғасы болған. Онда 61 адам қаза тапты және 590 адам жараланды.

Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының 86,6%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен болған.  Жол апатынан зардап шеккендердің ішінде 2 947 адам 30-39 жас аралығында және 2 953 адам 21-29 жас аралығындағы жастар болған.

Сондай-ақ кінәлілердің арасында да көбінесе 30-39 жас аралығындағылар тіркелген — 2 616 адам, 21-29 жас аралығындағы жастар – 2 395 және 60-тан жоғары жастағы қарттар – 670 адамды құрады. Жол апаттарының басым бөлігі немесе 7 471 (6 375) елді мекендерде жасалған.  Сонымен қатар 1 918 (1 702) жол-көлік оқиғасы халықаралық, республикалық маңызы бар трассаларда, 869 (870) апат облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тіркелген.

Апта күндері бойынша жол апаттарының ең көп саны дүйсенбі — 1 567, сенбі — 1 538 және сейсенбі -1 493 күндерінде жасалған. Көбінесе олар күндізгі уақытта — 6 253, түнде — 1 157 және күн батқаннан кейінгі мезгілде 1 662 орын алған. Жол оқиғаларының көпшілігі құрғақ жолда — 7 864, дымқыл — 674, қарлы — 309, мұзды — 115 жолда жасалған. Бұрынғыдай апаттардың ең көп саны Алматы қаласының жолдарында орын алады — 2 620 жағдай, ал ең жоғары өлім көрсеткіші Алматы облысында анықталды. Онда 327 адам қайтыс болды. Елордада 495 жол-көлік оқиғасы тіркелген.​ Апаттардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысында — 221 және Шымкент қаласында — 217 тіркелген.

Еліміздің жолдарындарындағы апаттар туралы толық ақпаратты «qamqor.gov.kz» Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің порталы «Географиялық карталар» бөлімінің «ЖКО» қосымшасынан көруге болатынын еске саламыз.