ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ТИІМДІ ЖҮРГІЗУ БАСТЫ НАЗАРДА 

Сарапшы-ғалымдардың айтуынша, қылмысқа барған жасөспірімдердің әрекеттеріне әлеуметтік тұрғыдан да көптеген себеп ықпал етеді. Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауы, бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру қылмыстық әрекеттің алғышарты саналады. Қолы бос бала айналасындағы ортаның кері ықпалына тез түседі. Әсіресе, ғаламтордың әсері орасан зор. Таңнан кеш батқанға дейін балалар интернет желісінде отыратыны жасырын емес. Құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер қылмысы олардың өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Елдегі соңғы жылдары балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне қарасақ, басым бөлігі отбасында ата-аналары, туыстарымен арасындағы жан-жалдарға байланысты орын алған.Ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату қажеттілігін жеткізу, баланың депрессияға ұшырауының немесе өмірлік қиын жағдайдың алғашқы белгілері туралы хабарлау ерекше маңызды. Тек ата-ананың назары, қолдауы және қамқорлығы балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, дағдарыстық жағдайдан шығуға көмектеседі.
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.

Жастар арасындағы тәрбие жұмысын тиімді жүргізу – бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, әр түрлі жат діни ағымдардың теріс идеологиясына жастардың төтеп беруі, ұлтаралық келісімді нығайту сияқты тәрбие жұмыстарының басты бағыттары айқандалуды қажет етеді. Өйткені саналы адамзат баласы, жалпы қоғам және мемлекет жастар тәрбиесіне әрдайым ерекше көңіл бөліп, қаперден шығарған емес. Әсіресе отан қорғаушылар үшін тәрбие мен тәртіптің мемлекет алдындағы жауапкершіліктің бірінші кезекте тұратыны белгілі жағдай. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға бірінші тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілетін білім адамзаттың қос жауы. Ол келекшекте адам өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі” деген терең мағыналы қанатты сөзі бүгінгі біздің қоғам үшін де негізгі қағидаға айналды.

Жастар арасындағы тәрбие жұмысының негізгі бағыттары олардың ортасында орын алып отырған теріс құбылыстармен келеңсіз жайттарға қарсы жүргізілуі кезек күттірмес шаралар болып табылады.

Жастар тәрбиесіндегі қоғамымыздың алаңдатып отырған басты мәселенің бірі – жастар арасындағы қылмыс. Бастауы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардан басталған мектеп оқушылары мен жоғарға оқу орындарының студенттері арасында бопсалау, ақша жинау әрекеттерінің тамырына әлі күнге дейін балта шаба алмай келеміз. Әскери бөлімдердегі «аталар» әрекеттерінен туындап жататын қылмыстар түрлері де тоқталмай келеді. Орта мектептер мен оқу орындарын «бақылау аймығына» ұстайтан топтар, өз биліген жүргізіп «общякқа» өздері орнатқан ортақ «қазынаға» ақша жинауды қалыпқа айналдырған. Бұл құқық қорғау органдарының алдында тұрған үлкен кемшіліктің бетін ашады.

Десе де ұрпақ тәрбиелеудің негізі – отбасынан басталады. Отбасы адамның әлеуметтік өмірін айқындайды. Отбасы тәрбиесі – барлық тәрбиенің негізі. Әрбір баланың туылған кезінен бастап есейіп, ер жеткенге дейінгі өмірінің кезеңінде басты арқауы болатын тәлім-тәрбие отбасы мүшелері арқылы беріледі. Отбасы баланы ата-бабаның өмірінен алынған еңбек және қоғамдық іс-әрекетердің ғасырлар бойы жинақталған озық тәжиірбиесімен таныстырып оны құрметтеуге жақсыға ұмтылып жаманнан жиренуге қоршаған ортаға бейімделуге, қарым-қатынас жасауға, өз бетімен жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасап отырған. Отбасы тәрбиесінің ажырамас құрылымына отбасылық тәрбие ахуалы-өзіндік дәстүр, жайлы жағдай, қарым-қатынас, отбасы өмірінің тәртібі, отбасы мүшелерінің іс-әрекетінің мазмұны жатады. Қазіргі отбасылар әрі сапалы, жаңа, әрі қарама-қайшы қоғамдық жағдайда дамып келеді. Отбасы мәселесінде мемлекет тарапынан қолдау жасалып маңыздылығын бекіту мен жоғарылату үшін бағдарламалар жүзеге асырылып, көңіл бөлінуде. Алайда отбасындағы келеңсіз жағдайлардың күшеюіне әсер ететін құбылыстар да көбеюде.

Отбасылардың тұрмысының төмендеуі, ата-аналардың айырылысуы нәтижесіндегі толық емес отбасылардың көбеюі, отбасында балаға қажетті қамқорлық пен мейірімнің болмауы отбасының елдегі, қоғамдағы жағымсыз жағдайлардан, отбасының шырқының бұзылуынан екені белгілі. Отбасындағы келеңсіздіктер балаға тікелей теріс әсерін тигізеді. Тәрбие мәселесінде мектеп пен отбасы үнемі бірігіп жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізе алады. Әсіресе қазіргі кезде қазақ отбасыларында жүйелі тәрбие беруге мүмкіндік жоқ деген пікірлер айтылуда. Бұл ата-аналардың мәдени деңгейі мен қоғам өміріне қатысуына және тұрмыстық жағдайға ата-аналардың жұмысбастылығына, өмір сүру ерекшеліктеріне, отбасы құрылымына байланысты. Жас жеткіншектер жеке тұлға ретінде толысып, дамып, өмір туралы түсініктері қалыптасу кезеңінде отбасы мен оқу орны бірлесе отырып жүйелі, дұрыс тәрбиені беруге жағдай жасауы керек.

Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа апаратын басты фактордың бірі – балаға дер кезінде көмек берілмеуі, баланың мінез-құлқындағы кемшіліктерді байқамау мен өз бетінше бақылаусыз, қараусыз жүруі, ата-аналардың балаларына жұмыс бастылықпен көңіл бөлуге уақыт таппай немқұрайлы қарауы.