ШЫМКЕНТ: «АЙГӨЛЕКТІҢ» БИШІЛЕРІ БАС БӘЙГЕ АЛДЫ

93
0
Астана қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқауда қала мақтаныштарының бағы жанып, жүзден жүйрік атанды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласының «Айгөлек» Ұлттық ансамблі кезекті жеңісімен жанкүйерлерін қуантты. Оқушылар сарайының мың бұралған бишілерінен құралған ансамбль Астана қаласында ұйымдастырылған «ITALIAN GRAND FESTIVAL» және “Гүлденген қызғалдақтар ” ІІ Халықаралық өнер байқауы-фестиваліне жолдама алған болатын. Байқауда бақ сынаған бишілеріміз үздік атанды. Олар халықаралық байқаудың «ГРАН ПРИ» жүлдесімен оралды.
«Біз өте қуаныштымыз. Бас бәйгені еншілеп отырмыз. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ. Бірақ, біздің би ансамбліміздің ерекшелігі – бір қазақтың ғана емес, өзге де ұлттың билерін кәсіби тұрғыда билей аламыз. Және костюмдеріміз де ешкімдікіне ұқсамайды»,-деді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Райхан Каланова шәкірттерінің жетістігіне қуанып.
Өз кезегінде талдырмаш бишілер де алдағы уақытта да еліміздің атын шетелге танытып, намысты қолдан бермейтіндіктерін айтып, жетекшілеріне алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, Астана қаласында өткен «ITALIAN GRAND FESTIVAL» ІІ Халықаралық өнер байқауы-фестивалінде үміткерлер төрт бағыт бойынша сайысты. Яғни вокалдық өнер, хореографиялық өнер, аспаптық өнер, сахна өнері. Сондай-ақ, сайыс үміткерлері жас ерекшеліктеріне қарай яғни  қатысушылар әр номинацияда, жас санатында бағаланды.
Сайысқа 5 жастан бастап 19 жас және одан жоғары жастағы азаматтар қатусыға мүмкіндік алды. Байқауға қатысушылардың өнерлерін Ұлыбритания, Италия және Қазақстан мәдениетінің өнер қайраткерлері, композиторлары, профессорлары, шоу-бизнес өкілдері бағалады. Қазылар алқасы жабық дауыс беру арқылы сайыс жеңімпаздарын анықтады.
Жалпы соңғы уақытта Шымкент қаласының талантты да дарынды жастары түрлы сайыстарда жеңімпаз атанып, қаламыздың атын асқақтатып жүр.