АБАЙ АУДАНЫНДА 33 ІРІ ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПОРЫНДАР ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР
Шымкент қаласына қарасты аудандардың даму қарқыны жоғары. Жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері артып келеді. Бұдан бөлек, өңірді дамытуға бөлінер бюджет қаржысы да еселеп артуда. Өз кезегінде, аудандарда кәсіпкерлерге жағдай жасау арқылы, өндірісті ілгерілету ісіне көңіл бөлінуде. Жалпы үшінші мегаполис инвестиция тарту жөнінен еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарында. Аталған саланы цифрландыру арқылы көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатыр. Мәселен, бір ғана Абай ауданында 33 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысы жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай, «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда.Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталғанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы Абай ауданының бюджеті 5 жыл бұрын 22,6 млрд теңге болса, биыл бұл көрсеткіш 5 есеге артып, 110,8 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі денсаулық, білім салалары мен әлеуметтік көмекке жұмсалған. Ауыз су, газ, жарықпен қамту, жол салу жұмыстары да күн тәртібінен түскен емес. Осы тұста айта кетерлігі, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы да құрылуда. Жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Мәселен, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1%, өңдеу өнеркәсібі 11,1%, инвестиция 19,5%, ШОБ субъектілері 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде.