2 686 АБОНЕНТ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛУДА

131
0

Қаратау ауданына қарасты Достық мөлтек ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын. Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Және тұрғындардың сұранысы бойынша, жобадан тыс көшелерге қосымша әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда.

Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады. Мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады. Қазіргі уақытта абоненттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Абоненттеу жұмысы толық аяқталу нәтижесінде Достық мөлтек ауданындағы 2 686 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Жалпы Шымкент қаласы бойынша жалпы 81 елді мекеннің 73-і толық сапалы электр жарығымен қамтылса, оның 8 елді мекені бүгінде сапасыз электр қуатын тұтынуда. Бүгінгі таңда сапасыз электр қуатын тұтынып отырған Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ, Солтүстік саяжай елді мекендерінің де жуырда өз шешімін табатын болады. Қазіргі кезде Қайнарбұлақ және Батыс елді мекендеріндегі электр жарығымен қамту бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары сот шешіміне сәйкес тоқталған. Ал қалған елді мекендерде құрылыс жұмысы өз жалғасын табуда. Айта кететін жайт, электр қуаты сапасыз елді мекендердің бірі болып табылатын – Сәуле шағынауданында 276 — орамда құрылыс жұмысы аяқталып, 23 тамыздан бастап мемлекеттік жарық беру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, 2022 жылдың соңына дейін электр қуаты сапасыз қалған 6 елді мекендері яғни Достық, Тұран, Солтүстік саяжай, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, көрсеткіш 98 пайызға жететін болады.