БАТЫС ШАҒЫН АУДАНДА 37 ШАҚЫРЫМ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛДЫ

116
0

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһар аумағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың жұмыс барысын тексерді. Абай ауданына қарасты Батыс шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекен 2021 жылғы жұмыстар нәтижесінде толық ауыз сумен қамтылған.

Қазіргі уақытта тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында мердігер мекеме тарапынан біршама жұмыстар атқарылуда. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес жалпы жұмыс көлемінің 55 %-ы аяқталған. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. «Елді мекенде жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын газ құбыры тартылып, табиғи газбен қамту жұмыстары 100 %-ға аяқталған. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің газ тарту дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілуде»-деді басқарма басшысы Боранбай Булатбеков. Шаһар басшысы сала мамандарына жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының Асар-2 елді мекенін инфрақұрылыммен қамту жұмыстары былтыр аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешілген болатын. Алайда мыңға жуық үй жобадан тыс қалып, сапалы ауыз су, электр қуаты мен табиғи газға қосылмай қалған. Қазіргі таңда осы мәселенің түйіні тарқатылып, халықтың өтініші орындалуда. Асар-2 елді мекеніндегі қалған аумақты сапалы ауыз сумен қамту бойынша құрылыс толық аяқталды. Биыл жасалған жұмыстар нәтижесінде 53 шақырым су құбыры жүргізілді. Ескерер жайт, мердігер мекеме ауыз су құбырын тұрғындар үйінің есік алдына дейін жеткізіп береді. Ары қарайғы жұмыс, яғни үй ішіне кіргізіп, оны қосу әр үй иесінің жеке жауапкершілігіне жүктеледі.Абоненттеу жұмыстары үшін қажетті құжаттарды «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК-ға  өткізу керектігін хабарлаймыз.