ДОСТЫҚТА 2686 АБОНЕНТ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

92
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала аумағындағы сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді. Қаратау ауданына қарасты Достық мөлтек ауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын.

Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша, қосымша жобадан тыс көше бойына әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда. Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады. Айта кетейік, мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады. Қазіргі уақытта абоненттеу жүргізілуде. Жұмыс толық аяқталған соң Достық мөлтек ауданындағы 2686 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Бұл туралы шаһар басшысының инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын қадағалауы барысында баяндалды. Жалпы шағынауданда бір мектеп, үш балабақша, медицина және учаскелік полиция бекеті жергілікті халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Қазіргі уақытта шағынауданда кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым жүйесі жобасына енбеген 425 абонентті де қазір ауыз су, сапалы электр жүйесі, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мұндағы 52 көшенің – 22-сі асфальт жол, 26-сы – тас жол, 4-уі – топырақ жол. 2023 жылы 14 көшеге, 2024 жылы 8 көшеге, 2025 жылы 13 көшеге асфальт төселеді. Биыл Ақбосаға және атауы жоқ көшелер жарықтандырылады.  2023 жылы – Алғыс және мектеп көшелері, 2024 жылы – Айтұмар, Айдарлы, 2025 жылы – Мамыражай және Жайсаң көшелеріне жарықшамдар орнатылмақ. Өткен жылы 2 ашық спорт алаңшасының пайдалануға берілгенін айта кету керек. Биыл спорт нысандарының қатары тағы бір спорт алаңшасымен толығады.