ҚАУІП ЭЛЕКТР СЫМДАРЫНЫҢ ҚЫСҚА ТҰЙЫҚТАЛУЫНАН БОЛДЫ

113
0

Ағымдағы жылдың сәуір айында Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің депосына трансформатордың жанып жатқаны туралы хабарлама түседі. Хабарламада І мөлтекаудандағы Сұлтанов көшесінің бойындағы нөмірсіз трансформатордың жанып жатқаны айтылады.

Осыған орай №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары өрт сөндіру автокөліктерімен оқиға орнына жедел жетеді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде трансформатордың электр сымдарының қысқа тұйықталуы болғаны анықталады. Салдарынан электр сымдары бықсыған. Оқиға өртке ұласпаған. Зардап шеккендер болмаған.

Оқиғаға байланысты Түркістан қаласының төтеншеліктері қуат көзін тарату қондырғыларына қатысты ата-аналар балаларына келесі әрекеттерге баруға қатаң тыйым салынатынын айтып, оның салдары не болатынын түсіндіруді ескертеді. Атап айтқанда, балалардың электр қондырғыларға ену, электр шкафтарының, жинақтардың, қалқандардың есіктерін ашуына тыйым салынады. Сонымен қатар электр беру желілерінің астында ойнау, ойнау үшін кернеуде түрған электр қондырғылар мен жабдықтарға жақын орынды пайдалануға болмайды. Одан өзге электр берудің әуе желілерінің тіректеріне  шығуға, тіректердегі оқшаулағыштарды бұзуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Жердегі үзілген, салбырап түрған немесе жатқан сымда тоқ көзі болады. Сондықтан оған жақындауға, көруге, қолмен ұстауға болмайды. Мұндай үзілген электр сымдарын көрген кезде одан ең кемі 8-10 метр қашық болу керектігін естен шығармау керек.

Электр жеткізудің әуе желілерінің сымдарына бөгде заттарды лақтыру, олардың жанында шарларды ұшыру қауіпсіздік ережесіне қарсы әрекет. Электр жеткізудің әуе желілері тіректерінің астында от жағу (құрғақ шөп, жапырақтар, қамыс жағу) қауіпті.

Балаларға әрдайым ересектердің рұқсатынсыз электр құралдарын пайдалануға, электр құралдарын бөлшектеуге болмайтынын айта жүріңіз.  Дымқыл қолмен электр құралдарын пайдаланудан, сымдарын ұстаудан жарақат алатынын түсіндіру керек.

Сонымен қатар басқарма мамандары балаларды өзге де қауіпті жағдайлар туралы айтып, оларды үнемі сақ болып жүруге үйретуді ескертеді.