АСПАЛЫ КӨПІРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Шымкентте екі ауданды жалғап тұрған аспалы көпір қайта жаңғыртылып, қолданысқа берілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шым шаһар басшысы М.Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Еңбекші ауданындағы №12 қалалық аурухана мен Қаратау ауданына қарасты орталық аурухана ортасын байланыстарын, басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға төте жол салып тұрған көпірдің тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Жаңа көпір жол кептелісін және жүктемесін азайтуға септігін тигізеді.
Естеріңізде болса, демеуші азамат есебінен Сайрам су өзені үстінен ұзындығы 43 метр, ені 5 метр болатын аспалы көпір салынып жатқанын хабарлаған болатынбыз. Қазіргі уақытта көпір құрылысымен қоса транспорт басқармасы тарапынан көпірге дейінгі ұзындығы 400 метр, ені 6 метр болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.
Айтып өтейік, Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары өз есебінен адамдардың жаяу өтуі үшін аспалы темір көпір салып, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізіп келген.
Бұдан бөлек, қала аумағында көлік қозғалысын реттеу мақсатында, яғни кептелісті болдырмау бағытында бірқатар жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесі қиылысында үш деңгейлі жолайрық құрылысы жүргізілуде. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ.
Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, «Шығыс» айналма жолының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда жол негізін әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталып, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды. Ал «Шымкент-Ташкент» жолында қиылысатын бөлікте көпір құрылысы және жол жабыны жұмыстары жүргізілуде. Қазір жолдың 5 бөлігінде жолдың негізін дайындау жұмыстары, 4,2 шақырымына асфальт жабындысының 1-қабатын төсеу жұмыстары аяқталды.