№12 СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ҚОСЫМША КОРПУСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

91
0
Шымкент қаласында білім ордаларының құрылыс жұмыстары қарқынды, деп хабарлайды Uakit.kz. 
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебінде болып, қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысан екі ауысымда жұмыс атқарады. Бір ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сыятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ. Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады.
Жертөледе пауерлифтинг оқу-жаттығу залы, ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі қарастырылған. Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші бөлмесі, киім бөлмесі, 18 орынға асхана, 210 орынға көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған. Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарлануда.
Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы, “Құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек”,-деді.
Бұдан бөлек, қала әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусының құрылысы жұмысымен танысты. Аталған нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, шаһар басшысы Қайтпас-1 ықшам ауданындағы №72 орта мектептің қосымша оқу ғимарат құрылысын тексерді. Білім ордасы 375 орынға лайықталған, ғимарат құрылысы жыл соңына дейін 100 пайыз аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Сайрам ықшамауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс нысандарының жұмыстарымен танысып шыққан шаһар басшысы М.Әйтенов сала мамандары мен мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды.