КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ КҮРМЕУІ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ

108
0

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарымен әр тоқсан сайын кездесіп, қалада атқарылған және қолға алынатын жұмыстар жайын таныстырып келеді. Бұдан бөлек, қалаға қарасты шағынаудан мен елді мекендердің тұрғындары көтерген мәселелерді тыңдауда.

Аталған кездесуде көтерілген мәселелер кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Мысалы, Еңбекші ауданының тұрғындары бірнеше елдімекендегі көшелерді жарықтандыруды сұраған болатын. Қала әкімінің тапсырмасымен тиісті басқармалар мен аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар атқарылып, тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Атап айтқанда, Мұнайбарлаушылар көшесін жарықтандыру 2022 жылдың жұмыс жоспарына енгізіліп, жалпы ұзындығы 2000 метр көше және балалар ойын алаңшасы жарықтандырылды. Бұған қоса Маятас тұрғын алабындағы Көзді ата көшесінде 300 метр жолдың бойына, ал Жарлыкөл көшесінде 2 шақырымға жуық жолдың бойына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса Жыланбұзған тұрғын алабындағы Қарақыстақ көшесін жарықтандыру жұмыс жоспарына енгізіліп, құрылыс жұмыстары өтпелі кезеңмен 2023 жылдың наурыз айына дейін атқарылады. Айта кетейік, Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 1 758 шақырымды құрайтын 747 әлеуметтік маңызға ие көше бар. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 102 көшені жарықтандыру жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Естеріңізде болса, былтырғы жылы 106 көше жарықтанып, жалпы жарық көшелер көрстекіші 43,4 пайызға жеткен-ді. Биылмен қоса алғанда жарықтанған көшелер саны 324-ке артып, көрсеткішті 57 пайызға ұлғайту көзделуде . Жоспарға сәйкес, 2025 жылға 75 пайызға жеткізу межеленген. 2023 жылға дейін көшені жарықтандыру мен оны күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16,4 миллиард теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылу көзделген.  Жоба аясында 312 көше жарықтандырылып (Абай ауданы: 83 көше, Әл-Фараби ауданы: 42 көше, Еңбекші ауданы: 89 көше, Қаратау ауданы: 98 көше), энергия үнемдейтін LED шамдар орнатылатын болады.