МЕШІТТЕРДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛЕДІ
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қаладағы «Яссы» мешітінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізеді,-деп хабарлайды uakit.kz.
Өз кезегінде басқарма инспекторлары ғибадат үйінің қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі бойынша талаптарды түсіндіреді. Және оның орындалуын қамтамасыз етуді ескертеді.
Мешіттер пешпен жылытылатын болса әр жылыту мерзiмiнiң алдында пешті пайдалануға жарамдылығына қатысты акт түзу арқылы тексеруден өткiзiлуi тиiс.
Пештерге от жағу адамдар көптеп жиналатын iс-шаралардың басталуына дейiн орындалуы қажет.
Жанғыш сұйықтық бар шамдар металдан жасалған шкафтарда сақталуы тиiс. Бөлмеде 5 литрден аспайтын жанғыш сұйықтық сақтауға ғана рұқсат етiледi.
Келушiлердiң қатысуымен құлшылықтар жасалынып жатқан уақытта ғибадат үйінде отпен байланысты жұмыстардың жүргiзiлуiне тыйым салынады.
Дiни құрылыстардың ғимараттары өрт туралы адамдарды хабарландыратын жүйелермен қамтамасыз етiлуi тиiс.
Барлық діни мекемелер нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес қажетті эвакуациялық жолдар санымен қамтамасыз етілуі тиіс. Шығу жолдарының саны мен ені адамдарды құтқару қауіпсіздігінің есебіне сәйкес болуы тиіс.
Діни мекемелерде құлшылық етіп жатқан кезде эвакуациялық шығу есіктерін құлыппен жабуға, терезелерге темір торлар орнатуға, терезелерді ағашпен бекітуге, мекемеге келуші адамдар санының белгіленген нормадан асуына жол берілмеуі тиіс.