АБАЙДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР

97
0

Ағымдағы жылдың басында Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту ісіне айрықша назар аударылып отырғанын жазған едік. Енді міне қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі өзекті түйткілдер шешіліп жатыр. Нақтырағы, Абай ауданына қарасты бірнеше шағынауданда көптің көкейін тескен толғақты мәселелер шешімін тапты. Мәселен, Абай ауданына қарасты Қызылжар тұрғын алабы 2021 жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесінде сапалы ауыз сумен толықтай қамтылып отыр.

Аймақта 684 отбасы қоныстанған. Халық саны 4400-ден асады. Тұрғын алаптағы түтйкілдердің шешілуі ауыз сумен ғана шектеліп қалған жоқ. Биылғы жұмыстардың нәтижесінде көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстары 2022 жылдың 4-тоқсанында толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Қызылжарда 19 көше бар. Оның жетеуіне асфальтбетон төселген. Қалған он екі көше – тас жол. Соның ішіндегі Бақтияров, Көмекбай, Мыңтөбе, Дала қыраны, Гаражный, Жаңақұрылыс-1, Жаңақұрылыс-2, Жаңақұрылыс-3 сынды 8 көшеге 2021 жылғы жоспарға сәйкес, тас төселген. 3 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылғанын да айта кету керек. Сондай-ақ сапалы интернетпен қамту мақсатында базалық станцияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы түйткілді мәселе де шешімін таппақ. Нақтырағы, өткен жылы қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде биыл өңір сапалы ауыз сумен толықтай қамтылады. Демек 1319 отбасының немесе 8400-ден аса тұрғынның толғақты мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар жыл соңына дейін табиғи газбен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жетпек. Бүгінде тұрғын алаптағы 694 үй мемлекеттік жүйеден электр қуатын алуда. Трансформатор жарығын қолданып отырған 625 үйді сапалы электрмен қамту мақсатында 2021 жылы құрылыс жұмысы аяқталған. Қазір абоненттеу жұмыстары 250 үйде аяқталып, қалған үйлерге де қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Игіліктегі Терешкова көшесіне жарықшамдар орнатылуда. Жалпы 43 көшенің 11-і асфальт, 22-тас жол, қалғаны топырақ жолдар. 2021 жылы атауы жоқ №6 көшеге шағал тас төселген. Биылдан бастап атауы жоқ 32,33,34,35, Жаңақұрылыс, Сіргелі 1, 2, 3, 4, 5, 6, Баба ата, жалпы саны 10 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Елді мекенді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары 2021-2025 жылдарға жоспарланған болатын. Қазірде аталған жоспарға сәйкес, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.