ОЛҚЫЛЫҚ ОРЫН АЛМАС ҮШІН…
Қазіргі таңда Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженерлері өрт сөндірушілер, газ инспекциясы және т.б жылумен қамтамасыз етуге жауапты мекеме өкілдерімен бірге қаладағы үйлерді аралап, жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертуде.
Сала мамандары түсіндіру жұмыстары кезінде олқылықтардың соңы қандай жағдайларға апаратынын нақты мысалдармен келтіруде. Мәселен, осы жылғы жылыту маусымы кезінде қаладағы Диметов көшесінде орналасқан тұрғын үйде өрт болып жатқаны туралы хабарланады. Бұл туралы хабарлама №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне түседі. Келіп түскен хабарлама бойынша өрт сөндірушілер өрт сөндіру автокөлігімен оқиға орнына жедел жетеді. Оқиға орнына жеткен кезде өрт сөндірушілер тұрғын үйдегі қазандық орнатылған бөлмеде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан электр желілері түтеп бықсығанын анықтайды. Оқиға өртке ұласпаған. Тиісінше орын алған оқиғадан зардап шеккендер де болмаған.
Оқиғаға байланысты құтқарушылар қазандық орнатылған бөлмелерде желдету арналары талапқа сай болуы қажеттігін баса айтады.