ҮШ КҮНДІК НӘРЕСТЕГЕ КҮРДЕЛІ ХИРУРГИЯЛЫҚ ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

Шымкенттің №2 қалалық перзентханасында дүниеге келген үш күндік нәрестеге күрделі хирургиялық операция жасалды. Дәрігерлер ішкі ағзаларындағы туа біткен ауытқуды дер кезінде анықтап, сәбиді шұғыл түрде қалалық перинаталдық орталықтың жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырды.
Алдын ала диагноз бойынша, баланың іш қуысында туа біткен даму ақауы — күдікті түзіліс және ішектегі дупликациялық киста анықталған. Жүргізілген операция барысында аш ішектің шажырқайында орналасқан туа біткен кистозды түзіліс табылып, хирургиялық жолмен алынып тасталды. Сонымен қатар, ішектің бір бөлігі екінші бөлігімен жалғанғаны байқалды.
Күрделі хирургиялық отаны Шымкент қалалық перинаталдық орталығының тәжірибелі неонаталды хирург-дәрігері Ержан Байдуллаев пен анестезиолог Ақжол Абдраимов сәтті жүргізді.
Қазіргі таңда нәресте жансақтау бөлімінде, бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Будукова басқаратын неонаталды хирургия бөлімінің дәрігерлерінің жіті бақылауында. Мамандар сәбидің жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.