ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

90
0

Әлеуметтің еркін жүріп-тұруы үшін қоғамдық көліктердің маңызы айрықша. Сондықтан оның жай күйі көп үшін қашан да қызық. Күнделікті тіршілігі қоғамдық автобуспен жүруден басталатын тұрғындар оның сапасына, көліктің жай-күйіне жіті мән беріп, назар аударады. Қала берді, Шымкент қаласы да кеңейіп барады. Жаңадан бой көтерген ықшамаудандар бар. Олар да қоғамдық көлік мәселесін бір емес бірнеше рет көтеріп, жауапты сала басшыларына шағымын айтып жатады. Жасыратыны жоқ, үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамыту, жолаушылар тасымалдау қызметі сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде.

Атап айтқанда, қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңаруда. Жол жөндеу жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде қоғамдық көлік компанияларына нақты талап қойылып отыр. Жүктелген міндеттің үдесінен шықпаса, қызмет көрсету сапасы сын көтермесе, көлік компанияларымен арадағы келісімшарт бұзылады. Сонымен қатар жаңадан 26 бағыт жаңа автобустармен толыққанын да тілге тиек ете кету керек. Тасымалдаушы компания өз есебінен кең сыйымдылықты 10 автобусты желіге шығарып отыр. Жаңа бағыт Барыс базары мен  Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді. Естеріңізде болса, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Абай ауданының Қазығұрт, Құрсай және Агроферма шағынауданының тұрғындарымен кездесуінде 34 бағыттың аралық интервалы мен автобустардың ескілігіне қатысты шағымдар айтылған еді. Осыған орай, мамырдан бастап сол бағытта тасымалдаушы көлік компаниясы 12 автобуспен жолаушыларды тасымалдауда. Қозғалыс сызбасы Қазығұрт шағынауданы мен Клара Цеткин көшесі аралығында ұйымдастырылған. Жалпы Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 1000 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 876 автобус жолаушыларды тасымалдап жүрсе, қалғаны резервте тұрады. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 10 көлік компаниясы бар. Олар: «Shymkent-Bus», «T-Bus», «Автоимпульс», «MAN-Оңтүстік», «М и Р и Со», «ТТК», «Радуга транспорт», «Санжар-Моторс», «Абдуганиев» және «Автокомбинат №4». Қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан өтініш жиі түсіп тұратыны жасырын емес. Осыған байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан биылғы сәуір айында бақылау жұмыс тобы құрылған болатын. Тұрғындар мен мамандардан құрылған арнайы топ жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетін, жол ақысын төлеудің заңдылығын, қоғамдық көліктердің тазалығын, автобустардың уақтылы жүруін қадағалайды.